17.11.2025
Мектебімізде оқушылар арасында өзара сыйластықты арттыру, қауіпсіз орта қалыптастыру және буллингтің алдын алу мақсатында «Булингке қарсы» атты тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Іс-шараға әр сыныптың оқушылары, сынып жетекшілер мен психолог мамандары қатысты.
Тәрбие сағаты барысында оқушыларға буллингтің түрлері, оның салдары және өз құқықтарын қорғаудың жолдары жайлы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, қатысушыларға шағын видеороликтер көрсетіліп, өмірден алынған нақты жағдайлар бойынша пікір алмасу жүргізілді. Оқушылар топтық жұмысқа қатысып, қиын жағдайларда көмек сұрау, достарын қолдау және қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру жолдарын талқылады.
Мектеп психологы буллингтің алдын алудағы ата-ана, мұғалім және сынып ұжымының рөлі туралы айта отырып, балалармен ашық сөйлесудің маңыздылығын атап өтті. Іс-шара соңында оқушылар «Қауіпсіз мектеп – бақытты бала» атты үндеу қабылдап, бір-біріне құрметпен және мейіріммен қарауға уәде білдірді.
Осындай тәрбиелік шаралар оқушылардың бойында эмпатия, жауапкершілік және толеранттылық қасиеттерін қалыптастырып, мектепте жылы әрі қауіпсіз орта құруға ықпал етеді.